$ 494.87  520.65  4.91

Ақтауда балконнан диван лақтырған адамды полиция төрт айдан бері таба алмай отыр

Ал үстіне ауыр диван құлаған тұрғынның мойын омыртқасы сынып, сал болып қалған.
Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz

Ақтауда тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан диван лақтырып, 39 жастағы азаматты жарақаттаған адам әлі табылған жоқ, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы.

Полицейлер арада төрт ай бойы жиһаздың қай пәтердің терезесінен түскенін анықтамаған. Ал үстіне ауыр диван құлаған тұрғынның мойын омыртқасы сынып, сал болып қалған.

Дегенмен бұл жағдай ақтаулықтарға әлі де сабақ болмаған. Қоқыс төгуге ерінген қала тұрғындары қоқыс қалдықтары, тіпті жиһаздарын терезеден лақтыруды әдетке айналдырған. Осының кесірінен адамдар үйлердің жанынан өтуге қорқып қалыпты.

Сатушы болып істейтін Галина жұмысқа барарда жан-жағын барлап кіретінін айтты. Айтуынша, дүкен айналасында жоғары қабаттан қоқыс тастайтындар көп. Мұндай бассыздықтың бірнеше жылдан бері жалғасып келетінін айтады. Тұрғындар жоғарыдан жиһаз, тіпті ескі теледидарды лақтырғанын өз көздерімен көрген.

Сатушы он күн бұрын сұмдық жағдайдан аман қалған. Дүкен шатырына жоғарыдан қандай да бір заттың құлағанын естіп, далаға шыққан. Сөйтсе үйдің жетінші қабатында жөндеу жасап жатқан жұмысшылар құрылыс материалдарын тастапты.

“Артқа бір қадам жасағаным сол еді, тастың үлкен кесегі дүкеннің ағаш күнқағарын сындырып өтіп, алдыма түсті. Егер сол кезде қозғалмасам, басыма түсер еді. Олар мұны көре тұра, мені келемеждеп, күліп тұрды. Жұмысын істесін, бірақ абайлау керек қой. Жалпы бұл маңайда адамдар жоғарыдан не болса, соны лақтыра береді. Енді далаға шыққанда төбемізге қарап жүретін болдық”, – деді ақтаулық Галина Васильевна. 

Тұрғындар соның кесірінен балаларын емін-еркін далаға шығарудан қорқып қалған. Полицейлер мұндай адамдарға шұғыл түрде шара қолданып, жауапқа тартпаса, арты қайғылы жағдайларға әкелетінін айтты.

“Қорқынышты, менің де кішкентай балалар бар. Оны кімдер лақтыратынын білмеймін. Өзім 5-қабатта тұрамын. Қапталынан қоқыс тастайды, оны жинап жүремін”, – дейді тұрғын Маржан. 

Өңірлік полиция мұнымен күресіп жатқанын мәлімдеді. Айтуларынша, түскен шағымдар бойынша учаскелік полицейлер аймақтарды бақылайды. Сондай-ақ олардың көбісін көшедегі бақылау камералары арқылы анықталып, жауапкершілікке тартып жатқандарын жеткізді. Жыл басынан бері қалада қоғамдық орындарды ластаған 1500-ден астам дерек тіркелген.

“Қоқыс лақтыру деректерін полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы учаскелік полиция инспекторлары белгіленген аумағын тексеру барысында анықтайды. Сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдар мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар бойынша да қоқыс тастаушымен күрес жүргізіледі”, – дедіМаңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева. 

Еске сала кетейік, осыдан төрт ай бұрын Ақтауда ер адамның үстіне ауыр диван құлады. Дәрігерлер соққы салдарынан мойын омыртқасы сынған азаматқа ота жасаған еді. Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, күдіктіні әлі күнге дейін таба алмай отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары