16.05.2023, 20:30

Ақтөбеліктер тегін донер үшін бірін-бірі таптап кете жаздады (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынған кадр
Кәсіпкер әлеуметтік желі арқылы дүкеннің ашылуына орай тағамның тегін таратылатынын хабарлаған.

Ақтөбе қаласында донер дүкенін ашқан кәсіпкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Желіде Ақтөбе қаласында жаңадан ашылған донер дүкені маңына жүздеген адамның жиналып, бір-бірін итеріп, жапатармағай тегін асқа ұмтылған сәтінен түсірілген видео тарады.

Белгілі болғандай, кәсіпкер әлеуметтік желі арқылы дүкеннің ашылуына орай тағамның тегін таратылатынын хабарлаған. Кеше сағат 14:00-де сауда орнының ашылуы болып, оған бірқатар блогер шақырылған. Видеодан шараға жиналған адамдар қарасы қалың екенін көруге болады. Жастардың топ-тобымен жүріп, бір-бірін таптап өтуге шақ қалған.

Полиция осы оқиға байланысты әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді.

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша хаттама толтырылды. Кәсіпкерге 55 мың теңге айыппұл салынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.