Оңтүстік Қазақстан облысында туберкулезбен ауыратын азаматтар адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жүрміз деп шу шығарды. Олардың айтуынша, Түлкібас ауданына қарасты туберкулезге шалдыққандарды оңалту шипажайында науқастарға астың орнына «жуынды» беріледі, деп хабарлайды KTK телеарнасы.
Ал шипажай ғимаратының қабырғасы қақырап, үгітіліп құлаудың алдында тұр. Үгітіліп тұрған қабырғаның жанында отырып тамақтанудың өзі қауіпті. Ауыр науқастан емделіп, бір сәт сергу үшін келушілер мұнда демалудың орнына абақтыға жүргендей боламыз дейді. Балықшы шипажайының әкімшілігі бұл жағдайды жақсы білгенімен, оны реттеуге қауқарсыз екен.
Талғат Қожакешов, емделуші:
— Ет сасып кеткен. Алдымен өздері тексеріп жеп көреді. Сөйтіп айтады, "болады, бере бер" деп. Мал емеспіз ғой біз бере беретін.
Иістенген етпен, тұрып қалған тұшпара күнделікті асымыз дейді демалушылар. Науқас жандар бүкіл маусым бойына бір рет те тәбетпен тамақтанып көрмегенін айтып отыр. Оның үстіне, дәретхана мен жуынатын бөлмеде жиі су болмайтын көрінеді. Салдарынан сасық иіс ғимаратты алады дейді емделушілер.
Шипажайдағы дәрігерлердің дөрекілігі де демалысты азапқа айналдыруда. Мұнда туберкулезбен сырқаттанғандарға ең қажетті дәрі-дәрмектердің өзі жеткіліксіз көрінеді. Ал, Балықшы шипажайының өкілі келеңсіздіктің бәрі азық-түлік пен медициналық препараттарды жеткізушілерден деп ақталды.
Динара Тілемісова, Балықшы шипажайы бас дәрігерінің орынбасары:
— Бас дәрігеріміз бүгін Денсаулық сақтау басқармасына сол проблеманы шешуге кетті. Бірақ, бізде тамақ өте нашар деп айта алмаймын. Енді арасында осындай болып тұр.
Қазірдің өзінде 200-ге тарта емделушінің 30-ы жағдайды түзеуді талап етіп бас дәрігерге хат жазды. Ал, дәрігерлер көмек сұрап, жоғары жаққа жүгіруге мәжбүр.