23.05.2023, 16:00

Ойын алаңына соғылған: Алматылық дәрігерлер көлік қаққан баланың жағдайын айтты

Фото: видеодан скриншот
Қыз бас, иық және аяқ жарақаттарымен №2 қалалық клиникалық аурухананың жедел жәрдем бөліміне жеткізілді.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тұрғын үй кешендерінің бірінде көлік қағып кеткен баланың жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ҚДСД мәліметінше, жол апатынан кейін зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілген.

"Қыз бас, иық және аяқ жарақаттарымен №2 қалалық клиникалық аурухананың жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Жедел жәрдем бөлімінде нейрохирург, травматолог, хирург қарады. Жағдайы тұрақты, есін біледі. Сол жақ қабырға асты аймағында көгерулер бар. Рентген жасалды: сүйек-травматикалық патологиясыз. Ол ауруханаға жатқызуды қажет етпеді, бала амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді", - деді ведомство өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін желіде Алматыдағы халық көп қоныстанған тұрғын үй кешенінде жылдамдықпен келе жатқан көлік баланы қағып кеткен видео пайда болған еді. Куәгерлердің айтуынша, оқиға Алма-сити-5 шағынауданында болған.