Желіде "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының экс-басшысы Сауат Мыңбаевтың мүгедектерге арналған арбада отырған фотосуреті тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Телеграм арнасының хабарлауынша, Сауат Мыңбаев Түркияның Измир қаласында өткен қызының тойына барған. Фотода ол мүгедектерге арналған арбада отыр.
Еске салайық, 2021 жылы "Қазақстан темір жолының" сол кездегі төрағасы Сауат Мыңбаев спортпен шұғылдану кезінде омыртқасынан жарақат алып, ауруханаға түскені хабарланған болатын.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының төрағасы Сауат Мыңбаев спортпен шұғылдану кезінде жарақат алды. Қазіргі уақытта емделіп жатыр. Денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - делінген хабарламада.
Көпшілік оның бел омыртқасын спорт кезінде сындырып алғанына күмәнмен қараған.
Сауат Мыңбаев Қазақстан теміржол компаниясын 2018 жылы басқарды. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарған. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің басшысы, вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі, Энергетика министрі, Индустрия және сауда министрі сынды лауазымды қызметтерді атқарды.