Шымкентте 23 қаңтар күні із-түссіз жоғалып кеткен 3 жасар сәбиді табуға ҚР Ұлттық гвардияның сарбаздары мен иіссезгіш иттері көмектескен. Бұл туралы «Оңтүстік» аймақтық басшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
"2017 жылдың 23 қаңтарында сағат 18:07 шамасында Сұлушаш Абзалдаева есімді жергілікті тұрғын Абай АІІБ-не арызданып, 3 жасар немересінің Б.Момышұлы көшесінде жоғалып кеткенін айтқан. Бағыт-бағдар алғаннан кейін 6506 әскери бөлімінің патрульді топ жетекшісі Сапаржан Жақсыбаев бастаған топ иіссезгіш итпен бірге баланы іздеуге кірісті. Нәтижесінде кішкентай сәби ойын алаңшасының маңындағы гараждардың арасынан табылды", - делінген аталған хабарламада.
Баланың денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген. Ол аман-есен әжесіне қайтарылды. Сұлушаш Абзалдаева әскерилерге алғысын айтып, жұмысын жоғары бағалады. Ал, төрт адамнан тұратын патрульді топ арнайы марапаттқа ұсынылып отыр.