$ 487.37  532.94  5.09

Актер Шерхан Пірназаров: «Тұңғышбай аға оқуымды төрт жыл төлеп, оқытты»

Актер Алматы шаһарында ешкімі болмай, мешіт пен подъездерде түнегенін де жасырмай айтты.
Фото: Stan.kz ақпарат агенттігі
Фото: Stan.kz ақпарат агенттігі

Отандық танымал актер Шерхан Пірназаров “Түнгі студия” бағдарламасында ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың өзіне қалай көмектескенін айтып, Өнер академиясына түскен жылдарын еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“2010 жылы мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға келдім. Алматыға ғашық болдым. Ол уақытта мен әскери оқуға 1 жыл бойы құжат жинаған едім. Алматыға келіп әскери оқуға түстім, бірақ менікі емес екенін түсіндім. Қатты қиналып кеттім. Үйдің жалғыз баласы едім, оқуға келіп таяқ жедім, құнары жоқ тамақты көрдім. Сөйтіп оқудан шығып, Қызылордаға қайттым. Содан уақытым өтіп кетсе де, Ақмешіт көпсалалы гумантиарлық техникалық колледжіндегі автомеханик мамандығына грантқа түстім. Бұл оқуды да қаламай шығып кеттім. Сөйтіп 2012 жылы Ақұзақ деген досым “Өнер академиясына барайық. Сенің түрің бар, даусың бар. Мүмкін бағыңды сынап көрерсің” деп ұсыныс жасады. Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов ұстазым шеберханасына қабылдау жүргізіп жатыр екен. Емтихан тапсырдым”, – дейді Шерхан Пірназаров.

Актер Алматы шаһарында ешкімі болмай, мешіт пен подъездерде түнегенін де жасырмай айтты.

“Алматыда ешқандай туысым жоқ, мешітте тұрдым, подъезде түнедім. Арасында бір баламен жақсы араласып, соның пәтерінде тұрдым. Бір аптадай тұрып, басқаның үйіне барамын. Тұңғышбай ағаның курсына түстім, емтиханнан 88 балла жинадым, бірақ грантқа түсе алмадым. Түнгі сағат он жарымда Қаскелеңде мешітте жатсам, Тұңғышбай аға хабарласты. “Осындай жағдай боп тұр, грантқа түсе алмадың. Ақылы түрде оқисың ба? Оқысаң сені өзіме алайын” деді. Ол кезде жас баламын, таңға дейін өкіріп жыладым. Колледжден шығып кеттім, туған-туыстың бетіне қалай қараймын деп ойладым. Ертеңіне академияға бардым, грантқа түскендерді хабарлап жатыр екен. Оның ішінде менің атым жоғын білемін.

Бірде бір бала: “Тұңғышбай аға сені шақырып жатыр” деп жүгіріп келді. Бармаймын деп едім, ағаның өзі хабарласты. Қолымда пакет ағаның алдына бардым. Тұңғышбай аға академия деканына маған грант беріп, алып қалуды ұсынып жатыр. Менің көзіме жас толып қалған. Бірде Тұңғышбай аға: “Бар да құжаттарыңды кадр бөліміне өткіз, ақылы түрде өзім оқытамын” деді. Мен басу айтып жатыр екен деп ойладым. Бәрі мені құттықтап жатыр.

Бір кезде оқуға түскен, түспегенімді білмек болып анам хабарласты. Болған жағдайды айтып едім: “Сенбе оларға. Олар алдап кетеді. Оқымасаң оқыма, Қызылордаға қайт” деді. Сөйтіп тұрғанда Тұңғышбай аға келіп екеуіміз кадр бөліміне бірге  кірдік. Құжаттарымды тапсырдым, Тұңғышбай аға оқуымды төрт жыл өзі төлеп, оқытып шықты”, – дейді актер. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары