Көкшетауда қала шетіндегі қос пәтерлі үйден шыққан өрт 3 адамның өмірін қиды деп жазады Хабар-24.
Өткен тәулікте ақмолалық өрт сөндірушілерге тілсіз жаумен күн-түні арпалысуға тура келді. Себебі, облыс аумағында 5 жерде өрт болған. Оның үшеуі Көкшетау қаласында. Өкініштісі, соның бірінде 3 адам бірдей қаза тапты. Өрт шаһар шетіндегі жеке үйдің бірінде сағат 04:00-05:00-тер шамасында шыққан. Абырой болғанда, екі пәтерлі үйдің екіншісіндегілер дін аман. Айта кетейік, өткен жылы аймақта өрт салдарынан 33 адам ажал құшқан. Ал, жыл басынан бері Ақмола облысында өртке қатысты 48 дерек тіркелді.
Денис Шелкоплясов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- Өткен түнде болған өрттің қазір қылмыстық жағы да қарастырылып жатыр. Онымен құқық қорғау органдары айналысады. Не де болса, өрттің неден шыққаны, оқиғаның қалай болғаны алдағы уақытта мәлім болады.