Өнер әлемінде жүргеніне 30 жылдан асқан әнші Медеу Арынбаев El.kz ақпарат агенттігінің YouTube-тегі “Базарlike” бағдарламасында сахнадан не себепті көрінбей кеткенін ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Осыдан төрт жыл бұрын басыма ота жасаттым. Оның алдында сахнада ән айтып тұрғанда ұстап қалатын, сіресіп қалатын кездер болды. Содан кейін болар, “Арынбаевты үлкен, жауапты концерттерге қоспай-ақ қойыңдар” деген шығар. Мен мұндай қара тізімде жүргелі 8-10 жылға жуықтады. Бұл тізімнің артында идеологияның тізгінін ұстайтындар тұр. Отаден кейін бір жылдан аса мен денсаулығыма байланысты таңертең, кешке дәрі іштім. Оның жүйке жүйесіне әсері болады екен. Ашушаң боласың. Бірнеше эфирлерде мінез көрсетіп қалған кезім болды. Содан кейін: “Арынбаевты қайтесіңдер? Бәлесінен аулақ” деген шығар. Олай да болуы мүмкін. Сондықтан айтатын нәрсе болса айта беремін. Ешкімен қорықпаймын”, – дейді өнер иесі.
Бүгінде әншінің денсаулығы жақсы. “Ашушаңдығыңыз басылды ма?” деген сауалға Медеу Арынбаев: ”Қазір жақсы. Ашушаңдық бір жылдай болды, себебі дәріні үзбей іштім. Қазір басылды, сабама түстім. Болмаса болмасын, шақырмасаңдар шақырмай-ақ қойыңдар. Жасарымды жасадым демесем де, түсіне қарап жатырмыз. Уақытымыз өтті, 60-қа таядық. Жастар өз кезегінде басып жатыр”, – деп жауап берді.