$ 514.65  544.6  5.17

Елімізде маусым айынан бастап не өзгереді

Электр энергиясының шекті тарифі өседі.
© Sputnik / Владислав Воднев
© Sputnik / Владислав Воднев

Жаздың алғашқы айында елімізде бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Электр энергиясының шекті тарифі өседі

2023 жылғы 1 маусымнан бастап энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтері көтеріледі. Энергетика министрінің бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді.

Тарифтердің өзгеруі энергия өндіретін ұйымдардың отынға және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығына жұмсалатын шығындардың ұлғаюымен байланысты.

Мысалы, Риддер ЖЭО тарифті кВт/сағ үшін 13,93 теңгеден 18,17 теңгеге дейін; Екібастұз ГРЭС-2 – 8,59 теңгеден 11,20 теңгеге дейін; "МАЭК-Қазатомпром" ЖШС 14,87 теңгеден 18,68 теңгеге дейін өсіреді.

Айта кетері, бүгінде энергия өндіруші ұйымдардың жабдығы 58%-ке тозған. Бұл ретте бірқатар жылу электр орталықтарында тозу деңгейі 90%-ке дейін барады.

Халықаралық рейстер

Fly Arystan әуе компаниясы Астанадан Бакуге тікелей рейстерді іске қосады.

Астана – Баку бағыты 2 маусымнан бастап ашылады деп жоспарлануда. Рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.

Еске салсақ, 4 мамырда Fly Arystan Ақтау – Ереван тұрақты рейстерін жандандырған болатын.

Сондай-ақ маусым айында Air Astana Қытайдың екі қаласына рейстерді ұлғайтады. Астана – Бейжің аптасына 1-ден 2-ге дейін, Алматы – Бейжің 6-дан 7-ге дейін, ал Алматы – Чэнду 1-ден 2 рейске дейін артады деп күтілуде.

Қазақстан азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, екі ел арасында рейстер саны аптасына 13-тен 19 рейске дейін ұлғаяды.

Астана әуежайында ұшу жолағы жабылады

31 мамыр мен 7 маусым аралығында Астана әуежайының ұшу-қону жолағы 4 сағатқа жабылады. Қызметкерлер ұшу-қону жолағын резеңке қалдығынан тазартады.

"Бүгінде ұшу-қону ең аз орындалатын күндер алдын ала анықталды. 31 мамыр мен 7 маусым күндері сағат 13:20-дан 17:20-ға дейінгі уақытта тазарту жұмыстары жүргізіледі", - деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ережеге сәйкес, әуе айлағының қызметкерлері жылына екі рет ұшу-қону жолағын резеңке қалдықтарынан тазартуға міндетті. Резеңке қабаттарын арнайы сұйықтықпен және щеткамен кетіреді.

Министрліктің мәліметінше, резеңке қабаттарын алып тастау әуежайларда жоспарлы жұмыс саналады және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орындалады.

1414 арқылы тегін дәрі-дәрмекке қатысты ақпарат алуға болады

1 маусымнан бастап қазақстандықтар 1414 нөміріне қоңырау шалып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін дәрі-дәрмекке қатысты ақпарат ала алады.

Бірыңғай байланыс орталығы азаматтарға МӘМС-ке жататын қызметтер түрі, оның ішінде тегін стоматологиялық ем, тегін медициналық көмек аясында көрсетілетін қызметтер бойынша кеңес береді. 1414 желісі арқылы медициналық ұйымға шағымдануға да болады.

Сондай-ақ, ХҚКО-ларда қызмет көрсету сапасы бойынша шағым қалдырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінім бере алады.

Бұл ретте ұялы және қалалық телефондар арқылы қоңырау шалу тегін.

Құрбан айт

Биыл қасиетті Құрбан айт маусым айының соңында тойланады. Мейрамның алғашқы күні 28 маусымға түсіп тұр. Қазақстан заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс.

Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болады, күнәлары кешіріледі.

Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн атап өтеді.

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай, азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп. Бұл жерде бай деп Құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары