$ 494.87  520.65  4.91

«Сабақтан қашу мүмкін емес»: Павлодар облысындағы мектепті бір ғана түлек бітірді (ВИДЕО)

Данияздың алдында ең үлкен сынақ –  ҰБТ күтіп тұр.
Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Павлодар облысы Екібастұз қаласының Төртқұдық ауылында ерекше жағдай. Соңғы қоңырау үні бір ғана түлекке соғылған, деп хабарлайды Stan.kz.

Дерекке сүйенсек, Төртқұдық ауылында биылғы оқу жылын жалғыз түлек тәмамдаған. Әрі оның сынып жетекшісі өзінің туған ағасы. Түлек мамандық таңдауда көп ойланған. Ақырында ол да аға-әпкесінің жолын қуып, ұстаздық жолды таңдапты.

“Сыныпта жалғыз оқушы болу, әрине қиын. Үй тапсырмасын орындап келу міндетті. Себепсіз сабақты да босатпайсың. Тіпті сабақтан қашып кету де мүмкін емес. Мен Павлодардағы Margulan университетіне түсуді жоспарлап отырмын. Сол жақта дзюдомен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер атағын алсам деймін. Сөйтіп, денешынықтыру пәнінің мұғалімі болғым келеді”, – дейді 11-сыныпты аяқтаған Данияз. 

Данияз қанат қағып ұшқан мектепте барлығы 26 бала білім алады. Бүгінгі айтулы күнде барлық оқушы Данияздың құрметіне соғылатын соңғы қоңырауды тойлады. 

Айта кетелік, биылғы оқу жылында бірінші сыныптың табалдырығын 10 оқушы аттамақ. Оның алтауы орыс сыныбына барса, төртеуі мемлекеттік тілде білім алады. Мектеп директоры Сәуле Смакаеваның айтуынша, бұл білім ордасы үшін тарихи сәт болмақ.

“Біздің мектептен түлеп ұшқан жастар ауылға қайта оралады. Бүгінгі таңда мектепте 12 ұстаз бар болса, оның 10-ы біздің мектептің түлектері. Өткен жылы біз екі жас маманды шақырдық. Олар болашақта ауылда қалмақ”, – дейді директор.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары