Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қырымға лагерьге аттанған оқушылардың елге аман-есен оралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды orda.kz.
Оның айтуынша, балалардың бәрі ата-аналарына табысталған.
«Мұғалім тиісті жазаға тартылды. Бұл іс-шара ата-аналардың келісімімен өткізілді. Бұдан әрі болашақта бұған жол бермеу үшін министрліктің бұйрығынсыз және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің рұқсатынсыз оқушылардың шетелге шығуына тыйым салу бойынша жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық мектеп оқушылары Қырымның оңтүстік жағалауындағы «Артек» лагеріне 24 күнге жіберілетіні белгілі болған. Бұл ақпаратты Астана қаласындағы «Астанадағы орыс үйі» жариялаған еді. Фотода «Республикалық физика-математика мектебінің» (РФММ) мұғалімі Лаура Ілиясова бар. Балалар Қырымға 24 күнге аттанған.
Әлеуметтік желіде бұл оқиғаны қатаң сынап, министрліктен түсініктеме талап еткендер көп болған. Бұдан бұрын ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова ата-аналар өздігінен, білім беру ұйымдарына хабар бермей, аталған аймаққа балаларымен кетіп қалғанын айтқан.
Ал Ғани Бейсембаев Қырымға балаларды жіберген мектептерге облыстық білім басқармасы тарапынан қатаң ескертулер берілгенін мәлімдеген.