2016 жылдың қорытындысы бойынша Германияның Volkswagen автоконцерні әлемдік нарықта көлік сатылымы бойынша бірінші орынға шықты деп хабарлайды Bloomberg. Неміс автоөндірушілері жапонның әйгілі Toyota концернін көшбасшылықтан ығыстырып отыр.
Екі компания да өндіріс көлемін былтыр ұлғайтқан. Дегенмен, жапондық концернде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен, яғни 2015 жылмен салыстырғанда тек 0,2 пайызға ғана артып отыр. Volkswagen-де бұл көрсеткіш 3,8 пайызды құрады. Атап айтқанда, Toyota — 10,17 миллион, VW — 10,3 миллион көлік жасап шығарған.
Айта кетейік, соңғы төрт жыл бойы жапондық автоөндірушілер нарықтағы көшбасшылықты ешкімге бермей келген болатын. Қазір екі компания арасындағы айырмашылық соншалықты көп емес.
Bloomberg сарапшыларының айтуынша, Volkswagen 2016 жылы Қытай нарығын жаулағаннан кейін сатылым көлемі де тиісінше күрт артқан. Атап айтқанда, былтыр ҚХР бірқатар компанияға салық көлемін азайтқан болатын. Ал, Тойота сатылымының төмендеуіне АҚШ-тағы сұраныстың болмауы әсер етіпті. Мамандардың пікірінше, алдағы жылы қос компанияға да оңай соқпайды. Өйткені, АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп отандық автоөндірушілерге ғана қолдау көрсететінін мәлімдесе, Қытайдағы салық жеңілдігінің мерзімі биыл аяқталады.