12.06.2023, 10:00

Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті түтінге байланысты тұрғындарға үндеу жасады

Фото: Zakon.kz
Абай облысының аумағындағы ірі орман өртінің салдарынан жел бағытының өзгеруі нәтижесінде Жетісу облысының бірнеше аудандарының аумағын қалың түтін басты.

Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті көршілес Абай облысындағы өрттен өңірді түтін басуына байланысты қауіпсіздік шаралары туралы хабарлама таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жетісу өңірінің бірнеше ауданын көршілес Абай облысындағы "Семей орманындағы" өртенген ағаштардың түтіні басты. Осы жағдайға байланысты құтқарушылар сақтық шаралары жөнінде ескертті.

"Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары! Абай облысының аумағындағы ірі орман өртінің салдарынан жел бағытының өзгеруі нәтижесінде Жетісу облысының бірнеше аудандарының аумағын қалың түтін басты. Осыған байланысты сабырлы болуды және маска та,уды сұраймыз. Тыныс алу органдарының аурулары бар адамдарға және қарт адамдарға үйден шықпауға кеңес беріледі", деп хабарлайды Жетісу облысы ТЖД.

"Семей орманы" резерватында 8 маусымда өрт шықты. 11 маусымдағы жағдай бойынша өрт аумағы шамамен 60 мың гектарға жетті. Өртті сөндіру кезінде 14 орманшы із-түссіз жоғалып кетті, артынша олар өлі күйінде табылғаны мәлім болды. 14 адамның қазасына байланысты 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

11 маусым күні  президент Тоқаев қайтыс болғандардың барлығын "Құрмет" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.