12.06.2023, 10:40

Кентауда теміржолдар кесіліп, металға кетіп жатыр

фото: massaget.kz
Егер рельстер бұзылса, онда тасымал тоқтайды да, зауыт жұмысы тоқтайды.

Кезінде Кентау қаласындағы "Ащысай полиметалл" комбинатына тиесілі болған шойын жол кейін аукцион арқылы бірнеше кәсіпкердің қолына өтіп кеткен. Бірақ жаңа қожайындар ол саланы дамытпақ түгіл, талан-таражға салып жатыр. Соның кесірінен Кентау тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған бірнеше мекеме тоқырауға ұшыраудың сәл-ақ алдында тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Комбинатқа тиесілі болған теміржол 90-жылдары банкке кепілдікке қойылып, оны бірнеше кәсіпкер сатып алса керек. Ал жекелеген азаматтар саланы дамыту былай тұрсын, өзім білерменге салып, тіпті оны талан-таражға салып, сатып жатыр. Ал шойын жолдың бойында бірнеше кәсіпорын барын ескерсек, онда қызмет етіп жатқан мыңдаған адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр.

Кентау трансформатор зауытының бас директоры Бауыржан Құдайбергенов "Қазір бұл жолда жұмыс істеп тұрған бірнеше зауыт бар. Егер рельстер бұзылса, онда тасымал тоқтайды да, зауыт жұмысы тоқтайды. Ал асфальт жолмен тасу өте қымбатқа түседі. Ол кезде тауар бағасы қымбаттайды да, алушы табылмай қалады. Солайша біз аз ғана уақыт ішінде жабыламыз да қаламыз" дейді.

Бұған дейін де стратегиялық нысан - теміржолды меншіктеп алған кәсіпкерлер оны бөлшектеп металлға өткізген екен. Мұндай алып-сатарлықтан қала тұрғындарына да зиян келтірген.

"Бізге мына жолды сатып алыңдар немесе мен оны бұзып сатып жіберем деп. Бізден 70 миллион теңге сұрады. Соны тауып, сатып алуға үш ай уақыт берді. "Сол үш айдың ішінде шешім қабылдамасаңдар, мен осы жолды сатып жіберем" деп ультиматум қойды. Қысқасы, премьер министрден бастадық, Бас прокуратура, құзырлы орындардың бәріне хат жолдадық. Ешқандай жауап жоқ, - дейді кәсіпкер Асхат Сәлімбаев.

Жергілікті әкімдік те өз жауабын берді.

"Кентау қаласы әкімдігі осы сатылған теміржолды мемлекеттік меншікке алу бойынша жол көлік инспекциясына, көлік прокурорына, темір жол торабына, сонымен бірге табиғи монополия департаментіне хат жолдаған. Бүгінгі таңда осы хаттың жауабын күтудеміз", - дейді Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбаева.

Жұртшылық осылай жоғарғы жаққа жолданған хаттың жауабын тосып жүргенде, Кентауда шойынжолдың дымы қалмайтын сияқты...