14.06.2023, 15:20

Абай облысында өлі табылған тракторшы өрттен қаза болғандар тізіміне кірмейді

Фото: ТЖМ
Көмек беру немесе бермеу облыстық әкімдікке байланысты.

Абай облысында көз жұмған тракторшы Сергей Архипов орман өртінен қаза болғандар санатына жатқызылмайды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Мәжіліс кулуарында журналистер "Абай облысында мәйіті табылған ауыл тұрғыны Сергей Архипов өрт құрбандарының тізіміне кіре ме?" деп сұрады.

Өмірәлиевтің айтуынша, марқұм орман өртінен қаза болмаған.

"Ол азамат өрт алқабынан тыс, басқа жерде табылған. Тракторы да, денесі де. Өкінішке қарай, қандай себептен көз жұмса да, әрине, бұл өте ауыр. Бірақ ол өрттің салдарынан қаза болмаған. Сол себепті ол азаматтардың (орман өртінің құрбандары) санатына жатқызылмайды", - деді бас прокурордың орынбасары.

Өмірәлиев марқұмның отбасына қолдау көрсету шаралары облыс әкімдігінің құзыретіне жататын мәселе екенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек беруді тапсырды. Көмек беру немесе бермеу облыстық әкімдікке байланысты. Мүмкін кәсіпкерлер де көмектескісі келетін шығар, бұл заңға қайшы емес", - деді ол.