Батыс Қазақстан облысында 11 түлектің ҰБТ тәртібін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық тестілеу орталығынан мәлім еткеніндей, 18 мамыр мен 13 маусым аралығында Батыс Қазақстан облысы бойынша абитуриенттер 5 332 рет тестілеуге қатысқан.
«Күні бүгінге дейін смартфон, шпаргалка және басқа тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан 9 түлек тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ тестілеу кезінде ереже бұзған 2 түлек аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижелері де жойылды. Абитуриенттің орнына басқа адамның кіруі тіркелген жоқ», – деп хабарлады ведомстводан.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласындағы 35-лицей түлегі Тарлан Исатайұлы облыс бойынша ең жоғары 136 балл жинады.
Биыл Тарлан республикалық олимпиадада математика пәнінен 3-орын алып, қола жүлдеге ие болды. Ол – республикалық олимпиадада Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және Оңтүстік Қазақстан университетінің грантын иеленген оқушылардың бірі.
Тарлан Исатайұлы Алматы энергетикалық университетінде білім алып, болашақта физика-математика саласында еңбек етуді мақсат етіп отыр.