Павлодарлық жедел уәкілдер зейнеткерлерді алдаған күдікті топты ұстады, деп хабарлайды polisia.kz.
Егде жастағы 30-ға жуық тұрғын алаяқтық бойынша шағымданды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, алаяқтық әрекеттер жасау күдігі бойынша қылмыстық топ ұсталды.
Олар 19-21 жас аралығындағы Павлодар қаласының төрт тұрғыны болып шықты. Қазір олардың алты алаяқтыққа қатысы анықталды, алдау арқылы зейнеткерлерден шамамен 25 миллион теңге қаражат иеленген.
Ұсталғандардан 3 миллион 900 мың теңге тәркіленді, олар екі жәбірленушіге қайтарылды.
ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Екеуіне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы екеуіне қатысты ешқайда кетпеу туралы жазылым түріндегі бұлтарпау шаралары таңдалды. Олардың ұқсас фактілерге қатысуы тексеріліп жатыр.