Көрші Қырғызстан ақпан айында жанармай бағасын 2-2,5 сомға арзандатпақшы. Бұл туралы Қазақпарат Қырғызстан үкіметі аппаратының ақпаратпен қамтамасыз ету бөліміне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Бөлімнің мәліметінше, министрлер кабинетінде жанар-жағармай нарығындағы жағдай мен транзитке арналған сәйкестендірілген теміржол тарифтерінің ықпалы талқыланды. Қазақстан арқылы тауар тасымалдауға арналған сәйкестендірілген теміржол тарифтерін қолданудан елдегі жанармай бағасы төмендеп жатыр. Ақпан айында жанар-жағармай жаңа мұнай өнімдері келгеннен кейін арзандайды.
«Есептерге сәйкес, мұнай өнімдерін Ресейден Қырғызстанға тасымалдау шығындары тоннасына 48 доллардан 45 долларға дейін (мұнай өңдеу зауыты мен шекараның қашықтығына байланысты) азайды», - деп хабарлады үкімет аппаратының экономика және инвестициялар бөлімінің меңгерушісі Николай Чуйков.
Ол соңғы үш айда ресейлік жанар-жағармай нарығында мұнай өңдеу зауыттарына деген көтерме-босату бағасы тоқтаусыз өскенін атап өтті, бұл жергілікті нарықтағы бағалардың өсуіне ықпал етті. Соның салдарынан 2016 жылдың қазан айынан 2017 жылдың қаңтар айына дейін жанар-жағармай бағасы 10 пайыздан 18 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар, отандық нарықтағы бөлшек бағасы орташа алғанда 11 пайызға дейін көтерілді. Қаңтар айында жанармай жеткізу көлемі де, олардың көтерме бағасының бөлшек бағаға ықпалы да өте төмен болады.