Ташкентте әскери киімдегі ер адам Өзбекстан президентінің кортежінің алдында велосипедшіні соққыға жыққан. Бұл туралы Gazeta.uz жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Велосипедші Андрей Барышев Gazeta.uz сайтына Өзбекстан президентінің кортежі Мұстакиллик даңғылынан өтер алдында оны әскери киімдегі ер адам ұрып-соққанын айтты: "Ол менің ешкім емес екенімді айтып, сақалымнан тартып, бетімен ұрды, балағаттады. Неге олар адамдарға құқығы жоқ жануар сияқты қарайды?"
Жігіттің айтуынша, ол Паркент базарына қарай жүру үшін жаяу жүргіншілер өткеліндегі аялдаманың жол бөлігін кесіп өтпек болған. Андрей Барышев жолдың жиегінде көлік қозғалысы тоқтағанын күтіп тұрған. Осы кезде жол инспекторы бағдаршамның бұрылысынан тыс көліктерді өткізіп жіберген.
"Көліктердің көптігінен көп уақыт бойы жолды кесіп өте алмадым. Жол инспекторы бірде - бір сөз айтқан жоқ. Мүмкіндік пайда болған кезде мен жолдан өттім. Мен көлік арасында жүрдім. Кенеттен күзетші жүгіріп шықты. Мен оны көріп: "Осында екенімді, көпірден кейін оңға бұрылатынымды айттым", - деді Андрей Барышев.
Велосипедшінің айтуынша, Ұлттық ұланның қызметкері қозғалыс кезінде ескертусіз оның қолынан ұстап алған.
"Мен оның қолын қағып жібердім, себебі құлап кетуім мүмкін еді. Мен бірден тоқтап, оған: "Сен неге қолымнан ұстайсың?" - дедім, ол абдырап қалды. Әскери киімдегі бір адам жүгіріп келді", - деді Андрей Барышев.
"Ол мені велосипедтен түсіріп, жаяу жүргіншілер жолағына апарды. Сол жерде ол мені шапалақпен ұрып, балағаттап, ар-намысымды қорлай бастады. Аялдамада тұрғандар үнсіз қарап отырды", - дейді велосипедші.
Сосын ол менен "Не қалайсың?" деп сұрады. "Мен үйге баруым керек" дедім. Ол кетіп қалды. Мен серуендеп, бірнеше суретке түстім. Мұны көрген Ұлттық ұлан сарбазы маған жүгіріп келіп: "Осында қал, күт, сенімен басқаша сөйлесеміз" деді. Мен онымен басқа жерде өзім үшін қауіпсіз жерде сөйлесетінімді айттым және жаяу жүргінішлер жолмен содан кейін айналма жолы арқылы өттім.
Велосипедші Өзбекстан жұртшылығынан өзін қолдауды сұрады.
"Шынымды айтсам, қауіпсіздік қызметінің осы жағдайға мүмкіндік бергеніне таң қалдым. Неліктен олар жоғарыдағы адамнан басқа адамдардың барлығын құқығы жоқ жануар сияқты қарайды, оларды жай ғана ұрып-соға беруге бола ма? Мен мұндай істердің жалғасқанын қаламаймын. Сол үшін бұл оқиғаны жария етемін және әрқайсыңыздан ақпаратты таратуларыңызды сұраймын", - деп жазды Андрей Барышев әлеуметтік желіде.
Gazeta.uz мәліметінше, Өзбекстан Ұлттық ұланының сарбаздары әдетте велосипедшілерді кортеж өтіп кетпей тұрып, тіпті олар көлікпен келе жатқан болса да, жолдан шығарып тастайды. Жаяу жүргіншілерге аялдамалардың немесе ағаштардың артына жасырына тұруды сұрайды.
2013 жылы Gazeta.uz Ташкент велосипедшілеріне жасалған рейд туралы жазған - жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметкерлері оларға жол жиегінде жүруге тыйым салып, велосипедтерін алып кеткен.