$ 494.87  520.65  4.91

«Бірдеңе тауып, соттайсыздар ма?»: Зайытов тәуелсіз журналистер жайлы

Ол заң жобасына қатысты бірқатар сұрақ қойды.
Фото: Azattyq Ruhy
Фото: Azattyq Ruhy

Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде депутат Ринат Зайытов «Масс-медиа» туралы заңға қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мына заң не үшін керек болып отыр бізге? Журналистерді Үкіметке жығып беруге ме әлде журналистердің мәртебесін өсіруге ме? Бірақ бұл сұраққа тікелей нақты жауап бере алмайтыныңызды білем, сондықтан ол сұрақты айналдырып қояйын сол кезде жауап бересіз. Біз қазір журналистердің әлеуметтік мәселесін айтып отырмыз. Бірақ қасқырға алтыннан қарғабау тағып, алтыннан үйшік салып берсеңіз де, оны бақытты қыла алмайды. Оның өзінің тағылығы, жыртқыштығы бар. Сондықтан тәуелсіз журналистер қайда қалады? Қазір өзін-өзі тәуелсіз журналиспін деп жариялаған, жүздеген мың аудиториясы бар адамдар бар. Заң осы бетте қабылданса, олардың жағдайы не болады? Оларды жауып тастайсыздар ма? Бірдеңе тауып, соттайсыздар ма?», - деді Ринат Зайытов АҚДМ вице-министріне.

Сондай-ақ, ол «тәуелсіз журналист» деген ұғымды басқаша қарастыру мүмкіндігі қарастырыла ма?» деген сұрақ қойды.

«Барлық министрлікке бір өтінішім бар. Бізде тіл білімі институты бар, филология факультетін жылына бәленбай адам бітіреді. Неге сіздер бір маман алып қоймайсыздар? Заңның аудармасынан гөрі мына презентацияның өзі қатеге толып тұр. Жалпы келешекте осы естеріңізде болсын», - деді ол.

Бұл сұрақтарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов жауап берді.

«Біз тәуелсіз журналист, мемлекеттік журналист деп бөлмейміз. Мемлекеттік арнада істейтін журналистерді неге кемсітеміз? Мен үшін журналистердің барлығы бірдей. Біз үшін барлығы тең», - деді Ысқақов.

Еске салсақ, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының призмасы арқылы медиа саласының даму тенденциялары туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары