Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жүсіпбек Аймауытовтың «Тез өлмен» өлеңінің ғалымдардың қолына қалай түскенін айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Шығарма төте жазумен жазылған. Үш бөліктен тұрады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ғалымдарының құпия құжаттарды зерттеу кезінде Жүсіпбек Аймауытов жазған делінген шығарманың табылғанын айтқан болатын.
Енді Жүсіпбек Аймауытовқа телініп отырған «Тез өлмен» өлеңінің ғалымдардың қолына қалай түскені жайында аз-кем баяндайық.
Архив құжаттарында бұл туындыны Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған деп көрсетіледі. Ол ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы № 01093 ісінде сақталған. Бұл іс және басқа да көптеген құжаттар жақында Мемлекеттік комиссия аясында құпиясыздандырылған еді.
Шығарма төте жазумен жазылған. Сонымен қатар, орыс тіліндегі қысқаша түсіндірмесі де бар», - деп жазады Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қариннің жазуына қарағанда, абақтыда жазылған шығарма сотталушылар арасында тарап кеткен.
«Туынды туралы Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты Арнайы бөлімінің басшысы Л.В. Кручинин жасаған тергеу хаттамасында да айтылады. Ол мұны алашордашыл азамат, Карлагта қамауда отырған Дамолла Битілеуовті тергеген кезінде анықтаған. Тергеу барысында Дамолла Битілеуов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да алашордашылармен қарым-қатынасы жайында айта отырып, Уайда Байбековпен екеуі Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі жайында әңгімелескенін тілге тиек еткен. Абақтыда жазылған шығарма сотталушылар арасында тарап кеткен. Дамолла Битілеуов өлеңді Уайда Байбековке айтып береді. Өз кезегінде У. Байбеков оны қағазға түсіреді. 1933 жылдың 14 маусымында Исмағамбет Мәкішов пен Нұрғали Кадаленконы тергеу ісі бойынша айыпталушыларды беттестіріп, хаттама толтырылады. Сол хаттамада И. Мәкішов Н. Кадаленконың өтінуімен Дамолла Битілеуовтен шығарманы алып, оны Кадаленкоға бергенін айтқан. Битілеуов туындыны Карлагта отырған сотталушылардың арасында насихаттап жүрген. Айта кетерлігі, шығарма үш бөліктен тұрады. Қазірдің өзінде ғалымдар өлеңнің мазмұнын 20-жылдардағы дәстүрлі поэзияның стиліне жуықтайтынын айтып отыр. Сондықтан туындыға филологиялық сараптама жасау үшін Президент Архивінің жанынан Әдебиет және өнер институтының мамандары мен аймауытовтанушы ғалымдардан құралған арнайы топ жасақталды. Ғалымдар толық зерттеп, ортақ тұжырымға келгеннен кейін оның қорытындысы қосымша жарияланатын болады», - деп атап өткен Ерлан Карин.
Еске сала кетсек, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында табылған Жүсіпбек Аймауытұлының тың шығармасына қатысты пікір білдірген еді.