Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин 21 маусым күні пленарлық отырыста Forbes журналындағы Қазақстан байлары қаржылай көмектесуі үшін аймақтарға бөлу керек екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жылумен қамту мәселесін талқылаған депутат бюджеттің мүмкіндігі шектеулі екенін, құзырлы органдар "тарифті шексіз көтере алмайтынын" айтты.
"Бәлкім мұны біреу популизм дейтін шығар. Бірақ менің бір ұсынысым бар. Біздің елде Forbes тізіміне енген 160-тан астам миллионер мен миллиардер бар. Олар мемлекеттен ақша алып, байыды ма, онда елге, халыққа, билікке көмектессін. Ойластырып көруге болады ғой. Олардың әлеуеті оған жетеді", деді ол.
Сонымен қатар мәжіліс депутаттары энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің Риддер, Екібастұз және басқа да проблемалы аймақтарға ешқашан бармағанын айтып, шағым түсірді. Олар Энергетика министрлігін "кеңседе ғана жұмыс істейді" деп атады.