21.06.2023, 18:00

Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі 21 тамызға дейін ұзарды

Фото: vintage.kz
Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасы кезінде Дикий Арманмен бірге адам жинаған.

Сот Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімін 2023 жылдың 21 тамызына дейін ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылы 20 маусымдағы ақпараты бойынша, сот қаулысымен тергеу органдарының Қ-ға қатысты қамауда ұстау мерзімін ұзартуын санкциялау туралы өтініші қанағаттандырылды. Яғни күдікті 2023 жылдың 21 тамызына дейін қамауда отырады», - делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, 24 сәуір күні сот қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылып, Қайрат Құдайбергенге қатысты әрекетті саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін оны 30 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілген болатын.

Еске салайық, Қайрат Құдайбергеннің ұсталғаны туралы ақпарат 22 сәуірде жарияланған еді.

Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасы кезінде Дикий Арманмен бірге адам жинаған.