22.06.2023, 09:20

Егіз баласын сатпақшы болған қызылордалыққа қатысты тың дерек жарияланды

Фото: polisia.kz
Өзімде жейтін нан жоқ, аш болған соң кеудемде оларға беретін сүт жоқ.

Қызылорда облысында егіз баласын сатпақшы болған 54 жастағы әйел оқиғасына қатысты тың дерек жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қызылорда облысының 54 жастағы тұрғыны бұған амалсыздан барғанын айтады.

Бұл туралы Facebook-те журналист Гүлмира Әбіқай жазба жариялап, тағдыры қиын әйелге араша түсті. 

"Өзімде жейтін нан жоқ, аш болған соң кеудемде оларға беретін сүт жоқ", - деді. Бала сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір тағдыр сынды, балалар үйіне қос жетім қосылды. Егіз баланың әкесі еш жауапкершілік арқаламады, оны іздеген ешкім болмады. Неге бізде бала тағдырына тек ана кінәлі", делінген журналист жазбасында.

 

Одан әрі өз жазбасында Гүлмира Әбіқай Қазақстанда бала асырап алу мәселесінің шетін тұсын қозғайды:

"Бізде бала асырап алу да тым қиындап кеткен. Заңды асырап алушылар некен-саяқ, тек қамқоршы болады не патронат. Заңға сай 2 айда бала асырап алуға болады. Ал, өмірде бұл процесс 2 жылға созылады. Бір перзентке зар болған жандардың арманын жеңілдету орнына қиындатуға мың себеп табылады, неге? Дәл осы егіздерді сатпас бұрын әйел асырауға беруге талпынды. Алайда, танитын-білетін жанның баласын өздігінен алсаң қылмыскерсің. Алдымен бала мәртебесін анықталып, оны тек балалар үйінен әкетуің керек. Бұл процесс біткенше нәрестенің орнын сипап қаласың".

Ол бала асырауға өтініш берген көп адам нәресте кезінде, ес білмей тұрып құшағына басқысы келетінін, алайда, базада тек есейген және науқас балалар көп екенін де еске салады. Сол себепті, оның айтуынша, уақыт өте береді, балалар үйі ақырындап тола береді.