«Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаев (қазіргі таңда "Қаражанбасмұнай" АҚ Бас директорының орынбасары) ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдіктелуде.
Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған.
“Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ні компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті. Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды”, – делінген хабарламада.