Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы, 2022 жылғы Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінде ойнаудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина Парижде өткен Ролан Гаррос турнирі кезіндегі жұқпадан кейін әлі толық жазылмаған.
«Шын мәнісінде, ауру ауыр тиді. Ролан Гарроста ойнаудан бас тартқаннан кейін, отельге оралғанда жағдай тіпті қиындады. Сондықтан Парижде бірнеше күнге қалып, қонақүй бөлмесінен шықпауға тура келді. Бір аптадан соң көгалдағы кортта жаттығуды бастадым, бірақ вирус болғандықтан, айығу қиын болды. Бірте-бірте өзіме келіп, мұнда бірнеше матч өткізіп, Уимблдонға дейін қалпыма келем бе деп ойлаймын. Уимблдонға чемпион ретінде келу оңай емес. Бәрі мені фаворит деп жатыр. Сондықтан өткен жылғы тәжірибем септеседі деп сенемін. Уимблдонға дейін әлі бір апта бар. Ең бастысы, жақсы көңіл-күймен табысты өнер көрсетсем деймін», - деді Елена Рыбакина.
Истбурн жарысының бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бүгін рейтингіде 73-орында тұрған қытайлық, 22 жастағы Сиюй Ванмен кортқа шығуы керек еді.