Алматыда бес адамды өлтірген Игорь Дужновтың отбасы даулы үйді босатпай жүр Алматыда бес адамды атып өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Игорь Дужновтың отбасы екі жылдан бері даулы үйді босатпай жүр. Сот қаулысын орындауға келгендерді Дужновтың жұбайы бүгін тағы кіргізген жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.
Сот орындаушылар мен арнайы жасақ қақпаны бұзып кіргені сол еді, Анаида Демирчян «өзімді өртеймін» деп байбалам салды. Бір жарым жыл бұрын дәл осындай шара кезінде Дужнов екі полицейді, сот орындаушысын, үйдің жаңа иесі мен оның досын атып тастаған болатын. Игорь Дужновтың отбасы даулы үйді босатпай жүргеніне талай уақыт болған.
Бүгін оқ өтпейтін жилет киіп алған сот орындаушылар қанды оқиға болған баспанаға тағы келді. Алайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталушының жұбайы тірі жанды ішке кіргізгісі жоқ. Көп ұзамай арнайы жасақ, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер де осында жетті. Сот қаулысын орындауға келгендер ешкімге көнбей тұрған әйелге есікті бұзып кіреміз деп, соңғы рет ескертті. Ескерту еленбеген соң арнайы мамандар құрал-саймандарымен қақпаның есігін ашқаны сол еді, Анаида Демирчян «өзімді өртеймін» деп айғайға басты. Жағдайды одан бетер ушықтырғысы келмесе керек, Алатау ауданының прокуроры өндірістегі іс материалдарын дереу кері қайтарып алған. Заңға бағынбай байбалам салған әйел бұл үйде әзірге тұра бермек.
Алмасбек Сансызбайұлы, сот орындаушы:
- Қайтыс болған адамның балашағасы мұраны қабылдады. Сол мұрагерлер сот шешімін орындауға бізге берген. Өз әкеміздің, не шешіміздің жұмысымен келген жоқпыз мұнда. Соттың шешімі. Мұны мен орындамасам, басқа біреу орындайды. Бұл кісілер, таза, былай айтқанда, алаяқтар. Біреудің үйіне кіріп алып, шықпай отыр.
Ал Анаида Демирчянның айтар өз уәжі бар. Анаида Демирчян:
- Мен үйді бәрібір босатпаймын. Себебі, бұл үй менікі. Баржоғы 75 миллион теңге қарызбын. Ол ақшаны менің коммерциялық нысаным жабады. Сұлулық салоныма қатысты іс азаматтық сотта қаралып жатыр.
2021 жылдың қыркүйек айында Игорь Дужнов сот қаулысын орындауға келгендерге аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Ақбұлақ ықшамауданындағы қанды оқиғадан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты. Ал бес адамды жайратып салған қаскөй «кісі өлтіру», «билік өкіліне шабуыл жасау», «оқ-дәрілерді заңсыз сақтау» және «басқа мемлекеттің аумағында қарулы қақтығысқа қатысу» секілді айыптармен өмір бойына темір торға қамалған болатын. Қазір ол қауіпті қылмыскерлерге арналған «Қара бүркіт» түрмесінде отыр.