$ 444.22  476.38  4.82

Тәжікстан билігі салафизммен күресудің жаңа тәсіліне көшті

Тәжікстан Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, ЖОО мен мектептердің әйел оқытушылары және оқушы қыздары наурыз айының басынан аяғына дейін атлас пен адрас маталарынан тігілген ұлттық киім киіп жүруі тиіс. Бұл туралы Азаттық радиосының жергілікті өкілдігі хабарлады.

Білім министрлігінің баспасөз хатшысы Эхсони Хушвакт хабарлағандай, 1 наурыздан бастап тәжік қыздары Наурыз мерекесіне байланысты ұлттық киімдерін тастамай киіп жүрулеріне рұқсат берілді. Яғни, бұл уақытта оларға мектеп формасын кию міндеттелмейді.

Министрліктің ресми хатында көрсетілгендей, мұндағы басты мақсат - ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту және дәстүрлі емес ислам ағымдарына қарсы күресу болып табылады.

Наурыз мерекесі Тәжікстанда 21-24 наурыз күндері аралығында тойланатынын атап өту керек. Ол елдегі ең негізгі мерекелердің бірі болып есептеледі.

Осыдан екі жыл бұрын Аналар күні (8 наурыз) мерекесі қарсаңында ел президенті Эмомали Рахмон белсенді әйелдермен кездесіп, елде қара жамылған қыз-келіншектердің көбейе бастағанына алаңдайтынын айтқан болатын.

"Біздің әйелдер ешқашан қара жамылмаған. Тіпті, қазаға киетін әйелдердің киімдері де бір түсті қара емес. Алайда, тәжіктің кейбір қыздары мен әйелдері қап-қара киімге оранып жүр. Олар бұл киімді не үшін киіп жүргенін білмейді немесе білгісі келмейді", - деді Эмомали Рахмон белсенді әйелдермен болған кездесуде.

Айта кетейік, Тәжікстанда исламның салафизм бағытын ұстануға заңмен тыйым салынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары