Елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында біздің күнделікті өміріміздегі және жалпы қоғамның дамуындағы еңбектің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда қоғамда, өкінішке қарай, еңбек құндылығы жеткілікті деңгейде бағаланбайды, қарапайым жұмысшы адамның бейнесі күнделікті санадан ығыстырылған, қоршаған әлем туралы құндылық идеясының жүйесіне кірмейді және тиісінше лайықты назар аудармайтыны да рас. Осы бағытта еңбек адамының мәртебесін арттыру мақсатында Үкімет бірқатар шараларды қолға алған.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықтың қажеттіліктеріне және экономиканың нақты мүмкіндіктеріне жауап беретін теңгерімді шешімдерге бағдарлана отырып, әлеуметтік саясатты дәйекті түрде жетілдірді. Жаңа мемлекеттік әлеуметтік стандарттар әзірленіп, енгізілді. Бүгінгі таңда, Еңбек министрлігінің мәліметінше, олар маңызды әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігі мен сапасына кешенді кепілдік береді. Экономиканың өсу қарқынына сәйкес базалық стандарттар – ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы, зейнетақы мөлшері үнемі қайта қаралып отырады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті баяндамаларының бірінде «Әділетті Қазақстанда Еңбек адамы ерекше құрметке ие болуы тиіс. Мұғалімдердің, дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының, құтқарушылардың, жұмысшылардың, шаруалардың мәртебесін одан әрі көтеру өте маңызды. Олар еліміздің ең құрметті азаматтары болуға тиіс», - деп шегелеп айтқан еді.
Қазіргі уақытта әр өңірде 200-ден астам медиа-жоба өткізуді қамтитын еңбек құндылықтарын ілгерілету жөніндегі Медиастратегия әзірленген. Кешенді жоспарды іске асыру аясында ҮЕҰ, еңбек ардагерлерін, жастар ұйымдарын, сарапшыларды және басқа да ұйымдарды барынша тарту жоспарлануда.
Орта таптың маңыздылығы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық шындығының барлық аспектілеріне әсер етеді. Саяси салада орта тап әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың кепілі саналады, бұл орта тап өкілдерінің құқықтық қорғауға, экономикалық және әлеуметтік тәуелсіздікке деген ұмтылысына байланысты. Сондықтан, еңбек адамының қоғамға берері де, экономикаға әсері де маңызды болып қала бермек.
Жалпы, аталған шаралар еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыруға, қазақстандықтардың Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға елеулі еңбек үлесін қосқан отандастарының жетістіктері үшін мақтаныш сезімін тудыруға, жастарды еңбекке құрметпен қарау рухында тәрбиелеуге, еңбек дәстүрлерін сақтау мен көбейтуге, сондай-ақ қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған.