$ 522.49  547.88  5.06

«Балалыққа салынып «самоволкаға» шығып кеткен» - Дәулет Тұрлыханов ұлына араша түсті

Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын.
Фото: rus.azattyq-ruhy.kz
Фото: rus.azattyq-ruhy.kz

Бұдан бұрын депутат, спорт ардагері Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткенін жазған едік. Артынша табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Кейін Дәулет Тұрлыхановтың өзі ұлының не себепті қашып кеткенін ашық айтып, болған жағдайға қатысты үндеу жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Соңғы кезде менің ұлыма қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты өздеріңізге үндеуімді жариялап отырмын. 

Соңғы бес айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдайға байланысты өте көп ақпарат шығып жатыр. Ия, бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Жағдай орын алғанда, мен өз пікірімді ашық айтқанмын. Барлық жағдай заң жүзінде шешілуі керек дегенмін. 

Сондай-ақ депутат аталмыш оқиға ұлына кері әсерін тигізгенін жеткізіп, оны әрі қарай өрбітпеуін сұрады. Одан бөлек ұлының не себепті қашып кеткенін ашып айтты.  

Қазіргі кезде қоғамдық ортада менің ұлымның бір қателігінен басқа, қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Осы орайда, ұлыма байланысты жағдайдың қоғамда үлкен ақпаратқа айналғаны түсініксіз.  Жарайды, ақпараттар шығып жатыр, осы арқылы хайп жинап, қоғамда рейтингін өсіремін дегендер өз мақсатына жеткен шығар. Енді менің ойымша бұл мәселені осы жерден доғарғанымыз дұрыс.

Осы ақпараттар менің ұлыма үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сеземін. Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып «самоволкаға» шығып кеткені. Мен ұлымның  Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?! 

Дәулет Тұрлыханов өзінің үлкен спорттағы жетістіктерін алға тарта отырып, баласының тағдыры тәлкекке түстетін болса қарап қалмайтынын жеткізді.

Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады. Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін.  

Мен өмірімнің басым бөлігін үлкен спортқа арнаған адаммын. Он жыл СССР құрамасында күрестім, Тәуелсіз Қазақстанның туын тұңғыш рет  Олимпиада ойындарында көтеріп шықтым. Өзім спортты қойғаннан кейін, бапкер ретінде Азия, Азия ойындары, Әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығардым. Мен қазақтың ұлы болғаныма мақтанамын! Қазақ үшін төгілген қара терім мен өлшеусіз еңбегімді халқым бағалаған, әлі де бағалап, құрметтеп келеді.   

Сөз соңында халық алдындағы абыройына ештеңе нұқсан келтіре алмайтынын айтып, түсіністікпен қарауды сұрады.

Бүгінгі күндегі абыройым - орасан еңбектің арқасында келген. Ал менің ұлыммен болған бір ғана жағдай – халық алдындағы абыройымды түсіре алмайды. Қоғамды  дүрліктіріп, ақпарат таратып жүргендер осыны түсінсе екен деймін. 

Құрметті достар! Тағы да қайталап айтқым келеді, ұлыма қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бәрі заң шеңберінде шешілетін болады. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. 

Естеріңізге сала кетейік, Нұрасыл Болат Алматы қаласында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жықты деп күдікке ілінген еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары