Атышулы "Алтын орда" базарынан тағы дау шықты. Бұл туралы сауда-логистикалық орталықтың желідегі ресми парақшасында хабарланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сауда орталығының мәліметінше, "Алтын орда" базарының атқарушы директоры Эрмек Марқабаевтың BMW маркалы автокөлігінен 4,5 млн теңге ұрланған.
"Автокөлік Қарасай аудандық полиция басқармасының аумағында тұрған. Бұл ақпаратты құқық қорғау органының өзі хабарлады. Кезекші маманның рапортына сәйкес, көліктің терезесін белгісіз біреулер шағып, 4,5 млн теңге қаражатты қолды қылған. Полиция қазір аталған қылмысты кім және қалай жасағанын анықтап жатыр.
Осы орайда бірнеше сұрақ туындайды. Мәселен, полиция басқармасының қатаң күзетілетін аумағына кім кіруі мүмкін және қалай? Келтірілген шығынды кім өтейді? Автокөлікті кім орнына келтіреді? Қылмыстық іске еш қатысы жоқ және ішінде 5 млн теңгеге жуық қаржы болған көлікті басқарманың аумағына қою қаншалықты маңызды еді?", - делінген хабарламада.
Алматы облыстық Полиция департаменті аталған жайтқа пікір білдірді.
"Ағымдағы жылдың 02 маусымында Қарасай аудандық полиция бөліміне BMW Х7 автокөлігімен келе жатқан белгісіз тұлғалар атыс қаруын заңсыз тасымалдап, сақтауы мүмкін деген хабарлама келіп түскенін хабарлаймыз. Автокөлікті тексеру барысында көліктің алдыңғы бөлігіндегі қобдишада 4 млн 500 000 теңге көлеміндегі белгісіз біреулер ұрлап кеткен делінген ақшаның сақталғаны анықталды.
Аталмыш факті Қарасай ауданы бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде 188- бабы, 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық фактінің толыққанды және жан-жақты зерттелуін қамтамасыз ету үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - деді ПД баспасөз қызметінің өкілдері.