$ 498.34  519.72  4.85

Шаяхметовтің сотында адвокат пен прокурор жағаласа жаздады

Астанада Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Саят Шаяхметовке қатысты сот жалғасуда, деп хабаралайды КТК арнасы.

Құрылыс басындағы қылмыстық әрекетті көзбен «көрдім-білдім» деп келген бір азамат сот алдында бұған дейін тергеушілерге баяндап берген мәліметтерінен жаңылып, әбден састы. Куәгерлерден прокурор мен қорғаушылар да қанша сөз суыртпақтағанымен, түк шықпады. Соңында күдіктілердің адвокаттары мен мемлекеттік айыптаушылар өзара сөзге келіп, сот отырысы аяқ асты айқай-шуға ұласа жаздады.

Бұл — бұрынғы Білім вице-министріне қатысты үшінші отырыс. Сотқа экс-шенеуніктің өзі әдеттегідей үйінен келсе, ал онымен ауыз жаласты деп айыпталған қос құрылыс компаниясының басшылары тергеу қапасынан кісенмен жеткізілді.

Атышулы істің бірден-бір куәгері болған бір азамат тергеушілерге: «Өскемендегі инженерлерге арнап салынған мектептің құрылысынан өрескел қате таптым, тіпті нысанның кейбір бөлігі аяқталмай қалған» деп түсінік берген. Алайда, неге екені белгісіз, ол сот алдында осы көрген-білгенін ұмытып, сөзінен жаңылды. Прокурор қайта сұрақ қойып, қанша сүйрегенімен түк шықпады.

Келген куәгер өзіне сенімсіз деген бір топ қорғаушы соңында прокурорға бас салып еді, дәл сот залында сөзге келіп қалған тараптарды судья әзер сабасына түсірді. Ал адвокаттар куәгерден сол күйде тұщымды жауап ала алмады.

Осылайша куәгер еш құжатсыз-ақ айтқандарын дәлелдеп бермек болып еді, айыпталушылар бірден қарсылық білдірді.

Адвокаттардың да куәгерге күмәні басым болып тұр. Егер әр отырыс дәл осылай созыла берсе, экс-вице-министрге қатысты сотқа жақын күндері нүкте қойылмайтын сынды.

Естеріңізге сала кетейік, Саят Шаяхметов қос сыбайласымен бірлесіп, Өскемендегі инженерлерді дайындайтын мектептің құрылысына бөлінген қазынаның 1 миллиард теңгеден астам қаржысын жымқырды деп айыпталуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары