Көкшетауда кәсіпкер аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін және Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы алаяқтыққа жәрдемдескені үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Авиценна – Бурабай» ЖШС басшысы мен Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы өзге үшінші адаммен қылмыстық сөз байласып, 2017 жылы Бурабай ауданының денсаулық сақтау объектілерін сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасасқан.
«Аталған келісімшарт шеңберінде «Авиценна – Бурабай» ЖШС дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыруға, заң талаптарына сәйкес келетін бұрын пайдаланылмаған жаңа медициналық жабдықты сатып алуға міндеттелген.
Алайда сотталушылар 1 млрд теңгеден астам соманы құрайтын қаражатты иемденіп, тиісті емес медициналық техниканы жеткізді, нәтижесінде мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілді», - делінген хабарламада.
Осылайша, сотталушылар аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған. Күдіктілердің кінәсі куәгерлер мен жәбірленуші тараптың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен расталды.
Жаза тағайындау кезінде сот ауырлататын мән-жайларды ескерді. Сот оларды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 9 жылдан бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сонымен қатар, «Авиценна – Бурабай» ЖШС басшысының автокөлігі тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.