Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ақша жымқыру 2020-2023 жылдар аралығында шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.
Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты КММ басшылығы алып отырған. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңгені құрады.
Сонымен бірге, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды.
ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.