Қазақстандық жеңіл атлет Иван Иванов Таиланд астанасы Бангкокта жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткендей, Иван Иванов ядро итеруден үздік үштікке ілікті.
Бұл сында үндістандық Сингх Тур Тажиндерпал ядросын 20.23 метрге итеріп, чемпион атанса, ирандық Сабери Мехди (19.98) күміс жүлдеге қол созды.
Иванов 19.87 метр нәтижемен қола медальді жеңіп алды.
Бұл – Қазақстан қоржынына түскен төртінші медаль.
Осыған дейін Шедрак Коеч Кимутай 10 мың метрге жүгіруден мәре сызығын екінші болып қиды.
Ал биіктікке секіруден Кристина Овчинникова бірінші, Елизавета Матвеева екінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кристина Овчинникованың жеңіл атлетикадан Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.