16.07.2023, 15:30

Павлодарлық дәрігерлер басшының үстінен шағымданды (ВИДЕО)

Фото: arasha.kz
Дәрігерлер жыл сайын 8 мыңға жуық кішкентай науқасты емдейтінін, жұқпалы аурулар ауруханасындағы өлім-жітім көрсеткіші республика бойынша ең төмен деңгейде екенін алға тартты.

Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновке бас дәрігер Мүсілім Солтановтың үстінен шағым түсірген видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл ретте жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлері Мүсілім Солтанов келгеннен бастап емдеу мекемесінде күрделі жағдай қалыптасып, дәрігерлер мен медбикелер үнемі қысымға ұшырап, айыптаулар мен орынсыз қатаң сөгістер алып жатқанын айтты. Ұжымдағы бұл жағдайдан соң дәрігерлер мен медбикелер тіпті жұмыстан шығуға дайын.

Олардың айтуынша, Солтанов бас дәрігер қызметіне былтыр қараша айында тағайындалған. Осы уақыт ішінде ол ауруханаға емделушінің шағымынан соң тек бір рет қана келген.

Ол өзін дөрекі ұстап, дәрігерлер мен медбикелерге әркез дауыс көтеріп жүреді. Бөлімшеде, тіпті жансақтау бөлімінде айғайы естіледі. Науқастардың ата-анасынан түскен барлық шағымдар емдеу сапасына емес, тәртіптік жағдайларға байланысты. Бірде біздегі 8 жасар науқастың әжесінің медбикелер жуындырмады деген шағымынан кейін Солтанов 5 медбикені 20 мың теңгеден 100 мың теңге жинауға мәжбүрлеген, - делінген үндеуде.

Дәрігерлер жыл сайын 8 мыңға жуық кішкентай науқасты емдейтінін, жұқпалы аурулар ауруханасындағы өлім-жітім көрсеткіші республика бойынша ең төмен деңгейде екенін алға тартты. Ал Президент Әкімшілігінің басшысынан өзге өңірлердегі әріптестеріне үлгі болып отырған осындай жағдайда ауруханадағы мұндай келеңсіздікті жоюды сұрады.