16.07.2023, 18:30

«Интер Майами» ресми түрде Лионель Мессидің командаға қосылғанын жариялады

Фото: eadfootball.com
Ол жаңа командасында 10 нөмірлі жейде киетін болды.

АҚШ-тың «Интер Майами» клубы ресми түрде аргентиналық шабуылшы Лионель Мессидің командаға қосылғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Футбол клубы атақты футболшының командаға қосылғанын хабарлап, «Интер Майами» жейдесін киіп түскен суреті мен бейнежазбасын жариялады.

Айта кетсек, Лионель Мессимен келісім-шарт 2025 жылға дейін жасалған. Ол жаңа командасында 10 нөмірлі жейде киетін болды.

35-жастағы аргентиналық соңғы екі маусымда Францияның «Пари Сен-Жермен» клубында ойын көрсетті. Команда сапында ел чемпионатын екі мәрте жеңіп алса, сол елдің суперкубогына қол жеткізді.

Өткен маусымда ол 41 ойында 21 гол соғып, 20 нәтижелі пас берді. Аталған команда сапында 75 ойында 32 голдың авторы атанып, 35 нәтижелі пас шығарды.