16.07.2023, 21:30

Екібастұзда ұсақ малдар тірідей жанып кетті

Фото: Pavlodarnews.kz
Екі күн ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Екібастұз гарнизоны өртті сөндіруге 10 рет шақырту алды.

Екібастұздағы дала өртінен шаруа қожалығының ұсақ малдары тірідей жанып кетті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Екі күн ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Екібастұз гарнизоны өртті сөндіруге 10 рет шақырту алды.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 13 шілде күні сағат 9:25-те Марғұлан ауылы маңында құрғақ шөптің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына өрт сөндіру қызметтері, ерікті өрт сөндіру бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар аттанды.

Тілсіз жау 14 шілде күні сағат 07:35-те толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілердің жұмысына екпінді жел кедергі келтірген.

14 шілдеде жүргізілген тексеру барысында далада болған өрт салдарынан Марғұлан ауылындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының ұсақ малдары жартылай жанып, көптеген қойлар күйіп кеткені анықталды, - делінген хабарламада.

Дала өртінен кем дегенде 16 ұсақ мал өлгені белгілі болды.