Шымкентте LRT салынуы мүмкін. Бұл жоба қаланың Бас жоспарына енген. Осы жайында Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Жүнісбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаламыз жеңіл рельсті көлікпен қамтылуы мүмкін. Бас жоспарда осы жоба қарастырылған. Яғни бұл жоба қалаға қажет болса, болашақта жүзеге асырылуы ықтимал, - деді Н.Жүнісбеков баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жеңіл рельсті жолдар батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік бағдарлар бойынша қиылысып жүргізіледі.
Қазір бұл жобаға асығыстық жоқ. Тұрғындар санының көбеюіне қарай қарастырылады. 2035 жылға қарай көлік проблемасы шешілмей жатса, осы жоба іске асыуы мүмкін. Сондықтан бұл жоба нақты қашан іске асатыны белгісіз. Жоспарда 2035-2050 жылдар қарастырылған, - деді басқарма өкілі.
Еске салсақ, былтыр шілде айында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың бас жоспарына ЛРТ және БРТ құрылысы енгізілгенін айтты.