Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен тәуелсіз журналист, «Обожаю» ютуб каналының жүргізушісі Асхат Ниязовтың оқиғасы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Асхат Ниязов өз бағдарламасы арқылы әр өңірге барып әкімдермен сұхбаттасып, сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсетеді. Ол бұл жолғы шығарылымын Ақтөбе облысына арнады. Бағдарламадан кейін бірі әкімді жақтаса, енді бірі журналисті жақтап жатыр.
Орыс тілінде шығатын бұл бағдарламада Асхат Низов әкімге сұрақты сол тілде қояды. Ал Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов бағдарламаның орта тұсына келгенде «Ақтөбеде біз тек қазақ тілінде сөйлейміз. Орысша сұрақтың бәріне қазақша жауап бердім. Неге сен қазақ тілінде сөйлемейсің? деп журналистке сұрақ қояды.
Ал Асхат Ниязов «Мен қазақ тілін білмеймін. Қазақстанда тумадым» деп тілді білмеу себебін түсіндіреді. Сондай-ақ бағдарлама соңында қазақ тілін үйренетін айтады.
Фейсбук әлеуметтік желісінде осыған байланысты түрлі пікірлер айтылды. Мәселен журналист Халима Тәжіқұл "дүние - кезек немесе әкімдердің қазақ тілін қалқан ету амалы" деген пікір қалдырды.
Өткенде Даниал Ахметов, енді Ералы Тоғжанов сұхбат алғысы келген Асхат Ниязовқа сұрағыңды қазақша қой деп талап қойды. Бір қарағанда, дұрыс-ақ талап сияқты көрінеді. Алайда бұл ескірген, кешіккен, бастысы манипуляция реңкі басым талап. Неге? Даниал Ахметов 2003-2007 жылдар арасында премьер-министр болды. Қорғаныс саласын да басқарды. Көп жыл әкім орынтағында отырды. Қоғам қазақша сөйлеуі үшін не істеді? Өзі жиналыстарды қаншалықты қазақ тілінде өткізді? Әлі есімде 2003 әлде 2004 жылы кезекті бір баспасөз конференциясында үкімет қашан қазақша сөйлейді деп сұрағанымызда, Ахметов мырза қазақ тілін балабақшадан бастауымыз керек деп, басын ала қашқан. Сол жылы бақшаға барғандардың алды университет бітіріп қойды. Қазақшаға көштік пе? Жоқ. Аралас мектептердің дәлізінде әлі күнге орыс тілінің үні өктем! Қорғаныс саласы таза қазақша сөйлей ме? Оны қойшы, ШҚО ше? - деп сұрақ қояды.
Осыдан кейін Ералы Тоғжанов туралы ой тарқатады.
Билік дәлізіндегі қол жеткізген биік лауазымы - 2020-2022 жылдар арасында премьер-министрдің орынбасары болуы және әлеуметтік блокқа жетекшілік етуі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тетігі қолында тұрды. Қазақстан қазақша сөйлеп кетті ме? Жоқ! Алысқа бармай, уатсабыңыздағы ата-аналар мен көршілер чатына көз салыңызшы. 70-80% орысша жазады. Оны жазып отырғанның бәрі қазақтар. Әлгі 2003 жылы бақшаға барғандар да бар арасында,-деді Халима Тәжіқұл.
Халима Тәжіқұл Ералы Тоғжанов Ассамблея төрағасы болған кезде ұйымның жиындарында орысша баяндамадан бас айналып қайтатынын да жеткізді.
Сосын Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болғаны бар. Редакция бұл ұйымның жиындарын жазуға жұмсағанда, орысша баяндамадан бас айналып қайтатынбыз. Ассалау мен сау болыңыздары ғана мемтілде айтылатын жиындарда төңкеріс жасаса, кім қолын қағыпты? Ассамблея мүшелері - түрлі этностар өкілдері де қазақша сөйлеп кеткен жоқ, декорация рөлінде жүрген санаулысы мен қалаулысынан басқа. Ендеше бұл екі тұлғаның Ресейден көшіп келген оралманнан (қандас сөзін қабылдау қиын) қазақша неге сөйлемейсің дегені қай сасқаны? Кезінде Монғолия мен Қытайдың қазақтары қоныс аударғанда, миграция саласында қазақша білетін маман неге жоқ деген сұрағын елеусіз қалдырған үкімет өкілдері енді басқаша сөйлей бастағаны екітүрлі бір қызық болып тұрғаны. 2000-жылдар басында үкімет мүшелерінен қазақша сөйлеңіз, қазақша спикер беріңіз бізге деген талап қоятын журналист қауымы. Ал енді әкімдердің журналиске қазақша сұрақ қою туралы талабын естігенде жай ғана күлкің келеді екен. Қазақша сөйлемейтін қоғамда қазақша сұрақ талап еткен сыңай танытып, журналисті тұқыртам деу - тізесі шыққан тәсіл. Себебі әкімдер талай рет қазақша сұрағымызға "өзгелерге түсінікті тілде" жауап беруге сұмдық құштар болатын. Содан бері басына кірпіш құламаса, өзгере қалды деуге сену қиын. Бүгінгі мемтілдің мүшкіл халіне қатысы бар тұлғалардың әлгіндей талап қоюы моралға да томпақ келеді-ау, - деп жазба қалдырған Халима Тәжіқұл.
Бұл жағдайға қатысты журналист Серік Жолдасбай да пікір білдірді.
Әлеуметтік желіде Ералы Тоғжанов пен Асхат Ниязовтың оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Бірі әкімді қолдаса, екіншісі журналисті ақтап әлек. Шын мәнісінде екі тараптың да айыбы бар. Әкім "Қазақша сөйле" деп өткір сұрақтан жалтарып журналисті тұқыртып жатыр. Бұл енді бәріне түсінікті дүние. Ал Асхат Ниязов "Орысша жауап беріңіз" деп әкімнің құқығын шектеп отыр,-дейді Серік Жолдасбай.
Оның айтуынша, журналистің қазақ тілін түсінбеуі өзінің кінәсі екенін жазады.
Біздің шенеуніктер өз ісіне салғырт қарайтын, тіпті жемқор болуы мүмкін. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ Тоғжановтың "Қазақша сөйлеймін" дегені өте орынды. Әкімдерді сынап жүрген Асхат Ниязов Қазақстанда тұрып, қазақ тілінде мүлде түсінбейтін болса, онда оған өзі айыпты. Әуелі сыннан өзі қорытынды шығару керек. Тоғжанов пен Ниязов дауында Қожанасырдың мына оқиғасы еске түсті. Қожанасыр бір дау бойынша алдына арызданып келген адамға "Сенікі дұрыс екен" деп шығарып салған екен. Содан екінші адам бұлқан талқан ашуланып "Бұ қалай болды? Шын мәнінде жағдай былай болып еді ғой" десе, Қожекең оны да қоштап шығыпты. Мұны тыңдап отырған кемпірі "Екі дауласқан адамның бірінің ғана әрекеті дұрыс болмай ма?" десе, Қожекең "Бәйбіше сенікі де дұрыс" деген екен. Қазір әлеуметтік желіде әкім мен журналисті ақтаған постқа лайк басып отырмыз. Біз қашанғы Қожанасыр секілді "Тоғжановтікі де дұрыс, Ниязовтікі де дұрыс" деп отырамыз, - дейді Серік Жолдасбай.