26.07.2023, 18:20

Полиция көпірден секірмек болған елордалық әйелге әкімшілік хаттама толтырды

Фото: inbusiness.kz
Әйел бұл әрекетімен соттың үкімімен келіспейтінін көрсетпекші болған.

Бүгін елордада Министрліктер үйі маңындағы көпірден секірмек болған әйелдің неліктен мұндай әрекетке барғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мән-жайды анықтау барысында әйел бұл әрекетімен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен келіспейтінін көрсетпекші болған.

Биыл 6 сәуірде сот органы ҚР Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі (Тонау) және 192-бабының 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша соттаған кәмелеттік жасқа толмағандардың бірі оның ұлы екені анықталды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша (Ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттама толтырылды, - деп мәлім етті Астана қалалық полиция департаментінен.