27.07.2023, 12:00

200 теңгелік қағаз ақшаны қабылдамай жатыр – Ұлттық банк мәлімдеме жасады

© Sputnik / Тимур Батыршин
Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік жаңа банкноталарды айналымға шығармағанын атап өтті.

Ұлттық банк 200 теңгелік банкнота мен монета заңды төлем құралы және қабылдануға міндетті екенін мәлімдеді.

Номиналы 200 теңгелік банкноталардың қабылданбай жатқаны туралы арыз-шағымға байланысты Қазақстан Ұлттық банкі олардың заңды төлем құралы саналатынын еске салады. Бұл банкноталар Қазақстанның барлық аумағында кез келген төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті, - деп хабарлайды Ұлттық банк.

Қазақстан аумағында ұлттық валюта банкноталары мен монеталарын белгіленген құнына қарай қабылдаудан бас тартқандар "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодекстің 206-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады.

Сондай-ақ Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік жаңа банкноталарды айналымға шығармағанын атап өтті.

Айналымдағы 200 теңгелік банкноталар заңды күшін жойған жоқ әрі тозығы жеткенде ғана айналымнан шығарылып, 200 теңгелік монеталармен ауыстырылады, - деп түсіндірді Ұлттық банк.

Қосымша сұрақтар туындаса, 1477 нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.