Бүгін қазақстандық «Тобыл» UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында сырт алаңда Швейцарияның «Базель» командасын жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жанкүйерлер бұл кездесу швейцариялық команданың басымдығымен аяқталады деген ойда болды.
Кездесудің алғашқы минуттарында «Базельдің» басымдығы байқалып тұрды.
Нәтижесінде олардың қатарынан Тьерно Барри 25-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Екінші кезеңде «Тобыл» командасы таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 57-ші минутында қостанайлық клубтан Серж Дебле пенальтиді шебер орындады.
Одан кейін Рамазан Оразов - 62, Ислам Чесноков - 71-минутта басымдықты арттырды.
Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, қостанайлық клуб бірінші іріктеу сатысында Финляндияның «Хонка» командасын (2:1, 0:0) қапы қалдырды.
Қостанайлық клуб жарыстың үшінші сатысында «Тобыл» «Дерри Сити» (Ирландия) және КуПС (Финляндия) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Қостанайлық клуб бұған дейін 2006 жылы UEFA кубогы бірінші іріктеу сатысында «Базель» клубына (1:3, 0:0) жол берген.