30.07.2023, 22:30

Ақтауда 3 баласын өлтірген ер адамның үкімі қайта қаралды

Фото: polisia.kz
Айыпталушы мен оның адвокаты айыптау үкімінің күшін жоюды және 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Ақтауда 3 баласын өлтіріп, өмір бойына сотталған ер адам үкімді қайта қарауды сұраған, деп хабарлады turkystan.kz.

Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, айыпталушы мен оның адвокаты айыптау үкімінің күшін жоюды және 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Сот алқасы үкімді өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болған жоқ деген қорытындыға келген. Бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Еске салайық, жантүршігерлік жайт биыл 24 наурызда 27-шағынаудандағы №46 үйде болған. Ақтауда үш баласын өлтірді деген күдікпен олардың әкесі ұсталған болатын.

Пәтерден зорлықпен өлім белгілері бар 2011, 2014 және 2016 жылғы 3 бала табылды. Кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкерлері 36 жастағы әкесін ұстады.