$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда үш адам ВИЧ-ті қалай жұқтырғаны анықталды

Қайтыс болған науқас пен ВИЧ-ті жұқтырған адамдардың вирусы бірдей болып шықты.
Фото: Baq.kz
Фото: Baq.kz

Денсаулық сақтау вице-миристрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Алматы ауруханасында ВИЧ жұқтыру бойынша тексерістің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Маусым айында Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада емделген үш науқас ВИЧ жұқтырып алған. Бас санитардың айтуынша, үшеуі де жансақтау бөлімінде жатқан. Ол жерде тағы бір пациент болған.

Дәл осы пациент ауруханаға басқа аурумен түскен. Алдымен инфекциялық ауруханада емделді. Ол жақта ВИЧ-ке тест тапсырғанда теріс нәтиже шыққан. Ал орталық клиникалық ауруханаға түскеннен кейін тағы бір сынама алынды, сол кезде күдік туғызатын нәтиже шықты. Бұл дегеніміз, вирус инкубациялық кезеңнен өтіп жатыр, екі аптадан кейін тағы сынама алу керек. Сонда нақты нәтиже шығады. Өкінішке қарай, ол адам негізгі ауруынан қайтыс болды. Сондықтан қосымша сынама алынбай қалды, - деді Есмағамбетова үкіметте өткен брифингте.

Тексеріске сәйкес, қайтыс болған науқас пен ВИЧ-ті жұқтырған адамдардың вирусы бірдей болып шықты. Комиссия мүшелері жансақтау бөлімінде инвазивті шаралар кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмады деген қорытындыға келді.

Ал жансақтау бөлімінде сан алуан инвазивті шаралар жасалады. Инъекция, система, катетер және тағы басқа. Вирус осы жолдармен ғана тарайды, - деп атап өтті Есмағамбетова.

Комиссия нақты қандай шара кезінде үш адамның ВИЧ жұқтырғанын айта алмай отыр. Себебі бейнежазба жоқ.

Айта кетері, осы оқиғадан кейін аурухананың бас дәрігері қызметінен шеттетілді. Ал оның орынбасары мен жансақтау бөлімінің қызметкерлері жұмыстан босатылды. Олар инфекциялық қауіпсіздік бойынша қажетті дайындықтан да уақытында өтпеген. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта сот өз шешімін шығарады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары