ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві Алматы хайуанаттар бағының тыныс-тіршілігіне қатысты қызықты бейнежазбаны бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Архивтен алынған бейнетаспа осыдан 46 жыл бұрын түсірілген. Ескі видеодан хайуанаттар бағының тұрмысын, жануарлардың тіршілігін көре аламыз.
Бұл біздің зообақтың өткен тарихы, сондықтан біз бұл мұрағатты ерекше ықыласпен сақтап, бүгінгі ұрпаққа ұсынып келеміз. Бейнетаспада зообағымыздағы пілдер – Дуббас пен Пальманы, Малютка сусиырын кішкентай төлімен көре аласыздар. Көріністегі кішкентай сусиыр қазіргі Юльканың «ағасы» немесе «әпкесі» болуы мүмкін. Ол жөнінде алдағы уақытта арнайы жеке жазба жариялаймыз, - деп жазды Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігі.
Бейнетаспада мүйізтұмсық, тапир, морж, бірқазан, жапон макакасы сияқты жануарларды көруге болады. Сонымен қатар зообақ архивінде бақтың 50-60-жылдардағы бірнеше бейнекөріністің жазбалары сақталған. Ең көне бейнетаспа 1938 жылы түсірілген.