Алматыдағы Ақкент шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрттен зардап шеккен әйел көз жұмды. Төрт бала жансақтау бөлімінде жатыр. Өртте барлығы 43 адам жапа шеккен. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, Алатау ауданындағы Ақкент шағын ауданындағы өрт оқиғасына 23 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 5 жансақтау бригадасы жұмылдырылған. Барлығы 43 адам зардап шеккен.
4 бала жансақтау бөлімінде жатыр, тағы төртеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді, үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты. 12 ересек науқас қалалық көп бейінді ауруханаларға жеткізілді, оның ішінде 5 адам ауруханаға жатқызылды, қалғандары қажетті жедел медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілді. Қалғандарының жағдайы тұрақты. Бір әйел өмірге сәйкес келмейтін көптеген жарақаттардан қайтыс болды, - делінген хабарламада.
Департамент өкілі кейбір тұрғындарға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 1 тамыз күні Алматының Алатау ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде өрт шықты.