07.08.2023, 15:20

Марк Цукерберг пен Илон Масктің жекпе-жегі қашан өтеді

Фото: armenpress.am
Абсолютті сайыскер чемпионатының президенті Дэйна Уайт айқас өтеді деп есептейді.

«Мета» компаниясының басшысы Марк Цукерберг X (бұған дейін Twitter) әлеуметтік желісінің иегері Илон Маскпен айқасуға дайын екенін мәлімдеді. «Арменпресс» мәліметінше, жекпе-жекті 26 тамызда өткізуді ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен бүгін де дайынмын. Оған 26 тамызда өткізуді ұсындым, алайда ол әлі нақтыламады», - деп жазды Цукерберг Threads әлеуметтік желісінде. Ол айқастың өзі ұсынған күні өтетініне күмәнданады.

Цукерберг Масктың айқасқа жаттығып жатқаны туралы жазбасын да атап өтті. Маск 6 тамызда Цукербергпен жекпе-жегі X тікелей эфирінде көрсетілетінін, одан түскен қаражат ардагерлерге арналған қайырымдылыққа жұмсалатынын жазған.

Цукербергтің X әлеуметтік желісімен бәсекелесетін Threads платформасын ашуы екі миллиардердің арасында келіспеушілік тудырған. Соңғы уақытта Маск пен Цукербергтің аралас жекпе-жек бойынша айқасы кеңінен талқыланып келеді. Абсолютті сайыскер чемпионатының президенті Дэйна Уайт айқас өтеді деп есептейді және ол ең көп қаралым жинамақ.