08.08.2023, 16:20

«Боксты қоярмын»: Әлем чемпионатында елімізге күміс әперген оқушы грантқа түспей қалды

Фото: ulysmedia.kz
Енді «мен ары қарай жаттығумды жалғастырам ба, әлде, ақша табудың амалын іздеймін бе? - деп, жанайқайын жеткізіп жатыр.

Бұл туралы әлеуметтік желіде спорт журналисі Аслан Қаженов жазды. Оған боксшы Дана Дидай хабарласып, мәселесін айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының алтын, күміс және қола жүлдегері, Қазақстанның 4 дүркін чемпионы оқуға түспей қалды. Дұрысы – грантқа ілікпеді. Құжатын Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына тапсырған. Тегін білім алатындар тізімінен өзін таппапты, - деп жазады Аслан Қаженов.

Журналист оқу ордасының өз аргументі бар шығар деп болжайды.

Басқа жағынан, Дананы да түсінем. Өмір бақи бокспен айналысып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Спорт шебері деген атағы бар. Сөйте тұра, дене шынықтыру бағытында академияда білім ала алмайды. Ақылы негізде оқуға болады. Жылына 750 мың төлеу керек екен. Енді «мен ары қарай жаттығумды жалғастырам ба, әлде, ақша табудың амалын іздеймін бе? - деп, жанайқайын жеткізіп жатыр. Обал. Тікелей грант болмаса да, әртүрлі баламалары болатын еді ғой. Әкімнің гранты, ректордың гранты деген сияқты. Осы жағдай және осындай жағдайлар спортшылардың жетістігі ескеріле отырып, оң шешімін табады деген үміттемін, - дейді журналист.